РОО «Национальная Федерация Конькобежцев» Казахстана

Мәдіғали Қарсыбеков: Алпауыт елдер біздің спортшылардан қаймыға бастады

22.12.2016

Бүгін Астанада шорт-тректен   Қазақстан  құрамасының   бас  жаттықтырушысы  Мәдіғали  Қарсыбековтің қатысуымен баспасөз отырысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Онда Қазақстандағы  шорт-трек  спортының  биылғы тарихи жеңістері сөз болып, алдағы жоспарлар туралы тілшілердің сұрақтарына жауап берілді. Отырыс барысында бас жаттықтырушы Қарсыбеков: «2016 жылдың аяғы біз үшін, қазақ шорт-трегі үшін өте табысты болды. Өздеріңіз көргендей шорт-трекшілеріміз   Әлем  кубогы  кезеңдерінде   әртүрлі  дәрежеде  бірнеше   медаль  сыйлады. Бұл - бұрын-соңды болмаған жетістік. Оңтүстік  Корея, Голландия,  АҚШ, Канада, Ресей   сияқты  осы   спорт түрінің алпауыттары біздің  спортшылармен  санасып, олардан  қаймыға  бастады.  Одан  басқа  біздің  спортшылар  осы маусымдағы   әлемдік  шорт-тректің топ-парағын (рейтингін) бастап тұр. Мұндай  жағдай  қашан  болып  еді?» - деді. Сондай-ақ, бұл қажырлы еңбектің нәтижесі екенін баса айтты бас жаттықтырушы. «Отандық  шорт-трекшілердің  аты-жөні жұрттың  аузында  жүр.   Ең  бастысы,  бұл  жеңістің  себепкері -  Қазақстан  құрамасының   қажырлы еңбегінің жемісі.  Көптеген қиындықтарға  қарамастан, біз осыдан 20 жыл бұрын   Қазақстанда  шорт-трек  спортын  қолға  алдық.  Оның  табандылығы, қайсарлығы, ерік-жігері мен  талпынысы  арқасында  қазақстандық  спортшылар  өз  жемісін   көрсете  бастады», - деп атап өтті Қарсыбеков. Бас жаттықтырушы алда Алматы төрінде өтетін 28-ші Қысқы Дүниежүзілік студенттер ойынына қатысатындарын, қазір ұлттық құрама Голландияға  жаттығуға  кеткенін де атап өтті. Естеріңізге сала кетейік, биыл қазақстандық шорт-трекшілеріміз әлем кубогының төрт кезеңіне қатысты. Әлем  кубогының 1-ші  кезеңі  Канадада өтті. Онда 500  метрден  ерлер арасында -Абзал Әжіғалиев пен Денис Никиша  4- орынды,  1000 метрде әйелдер арасынан Ким Ионг  10-орынды иеленді. Екніші   кезең АҚШ-та өтті. Онда 500  метрден ерлер арасында  Абзал Әжіғалиев бас жүлдені жеңіп алды. Ал Айдар Бекжанов 13-орынға,  Денис Никиша 18-орынға табан тіреді. 1500 метрден  Нұрберген Жұмағазиев 9-орынға табан тіреді. Ал осы кезеңде 5 мың метрлік эстафеталық жарыста ерлер құрамасы қола жүлдегер атанды. Әлем  кубогының  3-кезеңі Қытайда өтті.  Онда 500  метрден Абзал Әжіғалиев төртінші, Айдар Бекжанов бесінші орыннан көрінді. 1000 метр қашықтықта  Нұрберген Жұмағазиев 6-орынға тұрақтады. Әлем  кубогының  4-кезеңі Оңтүстік Кореяда өтті. Онда 1000  метрден  Нұрберген Жұмағазиев  чемпион атанса, Денис Никиша  күміс жүлдені қанжығасына байлады. Төрт кезеңнің қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы әлемдік рейтингте 6-орында келеді. 


Барлық құқықтар қорғалған. inform.kz белсенді сілтемені пайдаланыңыз http://www.inform.kz/kz/madigali-karsybekov-alpauyt-elder-bizdin-sportshylardan-kaymyga-bastady_a2982238

Партнеры

http://glass-house.kz/http://www.alau.info/