Қазақстандық конькишілер одағы екі федерацияға бөлінді

Бүгін, 12 шілдеде елордалық «Алау» мұз сарайында «Қазақстандық конькишілер одағы» РҚБ (әрі қарай – QKO) жалпы жиналысының отырысы өтті. Ортақ шешіммен ұйымды «Қазақстандық конькишілер одағы» және «Қазақстандық конькимен мәнерлеп сырғанау одағы» болып екіге бөлу туралы шешім қабылданды. Бұл шешім ұйымға қарасты спорттүрлерінің айырмашылықтарына байланысты орын алды.

Естеріңізге сала кетсек, QKO үш спорт түрін біріктіреді – конькимен жүгіру, шорт-трек және мәнерлеп сырғанау. Осы үш спорттың әрқайсысы ерекше дағдылар мен бір-біріне ұқсамайтын дайындық жұмыстарын талап етеді. Конькимен жүгіру және шорт-трек мәнерлеп сырғанаудан техникасы, тактикасы және спортшылардың физикалық дайындығы жағынан ерекшеленеді. Конькимен жүгіру циклдік спорт түрі болса, мәнерлеп сырғанау спортшылардан хореографиялық, әртістік және т.б. дағдыларды дамытуды талап ететін күрделі спорт түрі болып табылады. Федерациялардың бөлінуі әрбір спорт түрінің талаптары мен қажеттіліктеріне тиімдірек назар аударуға, оларды дамытуға және оқу бағдарламалары мен әдістерін жетілдіруге мүмкіндік береді.

Бұл спорт түрлері жоғары деңгейде дамыған көптеген елдерде спорттық Федерацияларконькимен жүгіру және шорт-трек бойынша бөлек, мәнерлеп сырғанау бойынша бөлек жұмыс істейді. Бұл тәсіл осы спорт түрлерінің әрқайсысын жоғары деңгейде дамытып, спортшыларға арналған бағдарламалар менарнайы жаттығу жұмыстарын жүргізугемүмкіндік береді. Федерацияның елімізде бөлінуі бізге халықаралық стандарттарға тиімдірек бейімделіп, осы спорт түрлерінің әрқайсысы бойынша алдыңғы қатарлы елдердің көшіне ілесуге мүмкіндік береді.

Жиналыс барысында ҚР тәуелсіз республикалық спорт федерациясы ретінде мәнерлеп сырғанау спортын дамыту мәселелері қаралып, атқарушы комитет өкілдері анықталды. Дауыс беру арқылы Федерация президенті мен атқарушы директоры сайланды.

Еліміздің 10 облыс өкілдерінің және мәнерлеп сырғанаудан 8 еңбек сіңірген жаттықтырушы мен спорт шеберінің бірауыздан қабылдаған шешімімен Елена Васильевна Тё Қазақстан мәнерлеп сырғанау одағының басшысы болып сайланды.

Елена Васильевна – мемлекеттік басқару ғылымдарының докторы, Алматы қаласы мәслихатының депутаты, «Алматы қаласының спорт ғимараттары дирекциясы» ЖШС директоры, сондай-ақ QKO даму жөніндегі директоры.

Атқарушы директор болып Қазақстан Республикасының мәнерлеп сырғанаудан мемлекеттік жаттықтырушысы Садвакасова Надежда Леонидовна сайланды.

Leave a comment