Ресейлік конькишілер Елизавета Голубева мен Кристина Силаеваның Қазақстан құрамасына ауысуына байланысты туындаған сауалдарға жауап беру мақсатында Қазақстандық конькишілер одағы ресми хабарлама дайындады.
Елизавета Голубева – Жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы, Еуропа чемпионы, алтыдүркін әлем чемпионатының жүлдегері.
Кристина Силаева – Жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының және әлем Кубогы финалының жүлдегері, бірнеше дүркін Ресей чемпионы.
Соңғы жарты жылдың ішінде біздің ұйым Ресей спортшыларының Қазақстанға ауысуы жайында оншақты ұсыныс алды. Біз ол спортшыларды бақылап, олардың нәтижелеріне, тәжірибесіне көз жүгірте отырып, біраз ұсыныстан бас тартуды жөн көрдік. Ал жоғарыда аталған екі спортшы коньки спортының үздіктерінің қатарында болғандықтан, екеуінің де біздің құрама командаға, жас спортшыларымызға берер тәжірибесі мол деген сенім білдірдік. Дегенмен, бұл спортшылар елімізге келген кезде Қазақстан Респубикасының чемпионатына қатысып, әлі де өз күштерін дәлелдеулері қажет болады.
Жаңа спортшылар мен жаттықтырушылардың келуі біздің спортшылардың мүмкіндіктерін еш шектемейді, олардың жарыстарға қатысуына, жаттығу жиындарына баруына бөгет жасамайды. Командада да, жарыстарда да орын жеткілікті, барлық спортшылардың мүмкіндікері тең.
Қаржы жағын талқылайтын болсақ, біздің спорт түрінде шетелдік легионерлерге ерекше көзқарас жоқ. Ауысып келген спортшыларға бөлек ереже де, бөлек бюджет те қарастырылмаған. Құрама командаға енген спортшыларға бірдей жалақы тағайындалады. Яғни, жаңа спортшылар біздің құрамамен бірге дайындалып, оқу-жаттығу жиындарына бірге қатысып, бірдей деңгейде жұмыс істейді. Оларды бөлек мұз айдындарында дайындау біздің жоспарларымызға кірмейді. Барлық спортшылар тең, бұл біздің ұйымның басты принциптерінің бірі.
Бүгінгі таңда конькимен жүгіру спорты елімізде қарқынды дамып, халықаралық және әлемдік жарыстардан жүлделі орындармен қуантып жүрген қысқы спорт түрлерінің бірі. Қысқы Олимпиада ойындарында да негізгі үмітті коньки спорты мен шорт-трекке артатынымыз да рас. Олимпиада ойындарында конькимен жүгіру спортынан 14 медаль жиынтығы ойнатылады. Бұл көрсеткіш барлық олимпиадалық спорт түрлерінің арасындағы ең үлкені болып табылады.
2026 жылы Италияда өтетін Олимпиадаға әр дистанциада екі спортшыдан жіберуге мүмкіндік бар:
Ерлер: 500м, 1000м, 1500м, 5000м, 10 000м, командалық жарыс, жаппай старт. Барлығы – 7 дисциплина.
Әйелдер: 500м, 1000м, 1500м, 3000м, 5000м, командалық жарыс, жаппай старт. Барлығы – 7 дисциплина.
Жеке дистанцияларда Қазақстандық спортшылар лицензияға еркін қол жеткізе алса, командалық жарыс пен командалық спринтте спортшылардың жетіспеушілігі сезіледі. Бүгінде Қазақстан әйелдер құрамасының сапынан халықаралық жарыстарда үш спортшы бақ сынап жүр: Надежда Морозова, Екатерина Айдова және Алина Дауранова. ISU ережесіне сәйкес, командалық жарысқа қатысу үшін құрамада бес спортшы болуы және олардың уақыт нормативін орындауы шарт. Осы көрсеткіштердің болмауына байланысты, Қазақстан соңғы 20 жылда халықаралық жарыстарда бұл дистанцияда бақ сынаған жоқ. Бұл дегеніміз Олимпиада ойындарындағы қосымша лицензияның бостан босқа «күйіп» кетуі. Биылғы әлем чемпионатында біздің қыздар ел тарихында тұңғыш рет командалық спринтке қатысты. Себебі, тәжірибелі спортшылар Екатерина Айдова мен Надежда Морозоваға жас чемпион Алина Дауранова қосылды. Қыздарымыз 1:28.32 секунд нәтижесімен 4-ші орынға тұрақтап, жүлделі орыннан бір қадам қалды. Ендігі Олимпиада ойындарының командалық жарысына қатысу үшін ересектер құрамасын бұл дистанцияда мықты спортшылармен жасақтау қажет.
Конькимен жүгіру спортында Олимпиадалық лицензияларды жеңіп алу үшін:
Олимпиада жолдамалары олимпиалық маусымда өткізілген әлем кубогы 4 кезеңінің нәтижесінде шыққан уақыт рейтингі бойынша бөлінеді. Ал бұл әлем Кубогтарына қатысу үшін 2023-2025 маусымдарындағы нәтижелердің жалпы сомасы қарастырылады. Яғни, биылғы маусымда (2023/2024) қазақстандық спортшылар уақыт нормативін орындай алмаса және келесі маусымға жолдама ала алмаса, бізде Олимпиадаға дейін барлық дистанцияда лицензия алу мүмкіндігі қалмайды.
Бүгінде 2023-2024 жарыс маусымына ұлттық құрама еншісінде келесідей лицензиялар бар: Ерлер 500м-2, 1000м-2, 1500м-3, 5000м-2; әйелдер 500м-3, 1000м-4, 1500м-3, 3000м-2. Яғни, бізде жолдама жеткілікті болғанымен, ересектер сапынан бақ сынайтын спортшылар жетіспейді. Егер биылғы жарыстарда аталған қашықтықтардан бөлек командалық жарыста бақ сынасақ, бізде тағы бір олимпиадалық жолдама алуға және Милан-2026 жарысына спортшылардың максималды санын жіберуге мүмкіндік пайда болады.
Осы мақсатта әйелдер құрамасын биылғы жылдан қалдырмай жасы сәйкес келетін, уақыт нормативі орындалған шетелдік спортшылармен толықтыру шешімі қабылданды.
Алдағы Олимпиада ойындарына толыққанды дайындалу үшін спортшылар құрамасымен бірге бапкерлер қатарын да толықтыру жұмыстары жүргізіліп, команда кеңесші-жаттықтырушылармен күшейтілді. Әйелдер спринті бағыты бойынша Сергей Клевченя шақыртылды (1994 жылғы Олимпиада ойындарында 500м күміс жүлдегері, 1000м қола жүлдегер, 1996 жылғы әлем чемпионы). Сергей Клевченя 2012 жылдан 2016 жылға дейін конькимен жүгіру спортынан Қазақстан құрамасының жаттықтырушысы болған. 2013 жылы осы бапкердің дайындауымен қазақстандық Денис Кузин 1000 метр қашықтықта әлем чемпионы атанған болатын. Бапкер өз мансабында біршама Олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлерін, әлем және Еуропа чемпиондарын шығарған. Жекелей дистанцияларда құрама көшбасшыларын дайындау үшін Нидерландыдан кеңесші-жаттықтырушы Константин Полтавец шақыртылды. Соңғы 10 жылда ол дайындаған спортшылар 7 әлемдік рекорд орнатып, 15-тен астам Олимпиада медалін жеңіп алды.
Тәжірибелі мамандардың келуі біздің елімізде бапкерлік институттың күшеюіне алып келеді. Бүгінде Дмитрий Обатуров, Александр Жигин, Денис Кузин, Федор Мезенцев, Иван Аржаников сынды жас жаттықтырушылар әлемдік деңгейдегі мамандармен жұмыс жасап, тәжірибе алмасады.
Айта кетсек, қазіргі таңда Қазақстан ұлттық құрамасының спортшылар саны отыз беске жетті. Бұл бұрын соңды болмаған көрсеткіш. Команда қажетті заттармен – құрал-жабдықтар, жаңа велосипедтер, коньки, фармокология, медицина мамандары және т.б. қамтамасыз етілген. Олимпиада ойындарына үш жылдан аз уақыт қалды. Біздің қазір жасап жатқан әрбір қадамымыз осы маңызды жарысқа ең жақсы қалыпта келіп, көптен армандаған жүлделі орындарға қол жеткізуге бағытталған.
2022 жылы өткен Бейжің Олимпиада ойындарында Қазақстандық конькишілер келесідей нәтиже көрсетті:
1500м – Надежда Морозова 14 орын, Екатерина Айдова 18 орын, Дмитрий Морозов 18 орын.
1000м – Надежда Морозова 11 орын, Екатерина Айдова 19 орын, Дмитрий Морозов 17 орын, Денис Кузин 22 орын.
Жаппай старт – Надежда Морозова 14 орын.
Ал Олимпиада ойындарында Тәуелсіз Қазақстан тарихындда бір ғана қола жүлде бар – Людмила Прокашева (Нагано-1998)
Әлем чемпионатында бір алтын медаль – Денис Кузин (Сочи-2013).
Бұрынғыны артта қалдырып, нәтижелерімізді жаңартып, жақсартып, әлемдік аренадағы жетістіктерге қол жеткізу үшін өзіміз өзгерістерге талпынуымыз қажет. Қалыптасқан жүйеден шығып көріп, жаңашылдыққа ұмтылғанда айып жоқ деп санаймыз. Осы қадамдарымыз болашақ жеңісті күндерге алып келетініне кәміл сенеміз.